Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық педагогтер съезіне қатысып, баяндама жасағаны баршамызға белгілі. Білім беру саласында түйіні тарқатылмай келе жатқан ұстаздардың біліктілігін арттыру, балаларымыздың заманға сай озық білім алуы, мектептегі орын тапшылығын жою, мектептің ең қауіпсіз орынға айналуы, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою, білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру сияқты маңызды мәселелерге тоқталды. Буллинг жайлы баса айтты: «Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады». «Bullying» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг - агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Термин ретінде бізде кейінгі кезде қолданылып жүргенімен, әлімжеттік сонау кеңестік мектептерден бері бар. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» бала. Бәрі отбасындағы тәрбиеге байланысты. Бұған дау жоқ. «Өз балам, не үйрететінімді өзім білем» деген теріс пікірдегі жандар тәрбиелеп жатқан баласының еліміздің ертеңі екенін естен шығармағаны жөн. Ол бала да бүгінгі қоғамның ертеңгі мүшесі. Бағусыз кеткен бала бас білмейтін жүгенсіз асау сияқты. Бағбанның күтуінсіз өскен қисық бұтақты жас шыбық кезінен ата-ана, мектеп болып тезге салса, түзеуге болады. Үйде баланың көзінше мұғалім жайлы теріс пікір айтылса, бала мұғалімді өзіне қарсы қойып алады, одан кейін ол мұғалімді сыйламайды, оның сабағын да оқығысы келмейді. Сондықтан мұғалім, бала, ата-ана - үшеуі бірікпей, ізгілік ілікпейді. Мұғалім мен ата-ана бір болса, бала қайда барады?
Қазіргі тәрбиеде науқаншылдық басым. Көп отбасындағы тәрбие де жүрдім-бардым жүреді. Тіпті тәрбиесіне көңіл бөлмейтіндер де бар. Мектепте мұндай тәрбие жұмыстары жүргізілмейді емес, жүргізіледі. Бірақ буллинг жайлы тәрбие сағатын өткізіп, хаттама толтырып, өткізілгені жайлы барлық балаға қол қойдырып алып, оны папкаға салып қоюмен немесе есеп беру үшін әлеуметтік желіге жүктеумен мәселе шешілмейді. Мектеп әкімшілігі ғана емес, ата-ана, психолог, әр мұғалім, күзет қызметкеріне дейін бұл мәселені үнемі назарда ұстауы керек. Тіпті бұл мәселенің ортасында жүрген балаларды да тарту керек. Мәселенің мән-жайын солар жақсы біледі. «Қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым». Адалдыққа, барынша ашықтыққа баулуығанымыз жөн. Ер балалардың ғана емес, қазір қыз балалардың арасында да ертеден қалыптасқан қылмыс әлеміне тән әрекет етек алған. «Айтып қойсаң, тоқылдақ боласың», «андайсың, мұндайсың», «өйтемін, бүйтемін» дегеннен қорқып жүре бергеннен мәселе шешілмейтінін, керісінше жағдайдың ушығатынын түсіндіргеніміз абзал. Біреуден қорқып, не айтса – соны істеп, сөлпектеп соңынан қалмай жүре берудің бейшаралық екенін айтып, санасына сілкініс жасауымыз керек. Жалпы қоғамды қорқытып, үркітіп ұстау – әсіресе кеңестік кезеңнен кең етек алған кесел ғой. «Қорлығыңа көнбеймін» деп ақиқатын айтқандарды аяусыз жазалады. Одан арылатын уақыт жетті. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылуы керек. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы». Бұдан артық не айтуға болады?!
Адам баласы табиғатынан еркіндікті қалайды. Шындықты айтқанды жақсы көреміз. Қазір қоғамда біреу батыл пікір білдірсе, бәріміз әлеуметтік желілерге жарыса жүктеп, «Ащы шындықты айтыпты. Жарайсың! Міне, нағыз азамат!» деп көкке көтереміз, оны мақтан тұтамыз, дәріптейміз. Ендеше кез келген жерде бұзақының буллинг жасағанын ашық айтқан баланың ерлігі де дәл осылай дәріптелуі керек. Ол – азамат. Бұғауға көнбейтінін көрсетті. Нағыз жігіттік біреудің көлеңкесінде жүру емес, өз басының еркіндігінде. Соны түсінді. Ондай балаларды қолдап, қорғауымыз керек. Керісінше зорлықшылдық әшкереленіп, олар оң жолға түскенше, назардан тыс қалмағаны жөн. Президентіміз ата-аналарға да қадап айтты: «Әсіресе оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін». Әрине, сең бірден бұзылмайды. Үздіксіз жұмыс қана оң нәтиже береді. Тамырын тереңге жайған әлімжеттікпен үздіксіз күрес керек. Сол үшін мектептерде жиі жұмыстар жүргізіліп, дәліздерге жасырын хабарлама салатын жәшіктер, телефон арқылы хабарласатын мүмкіндіктер жасалуы керек болар. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат көрсін де, түңілсін; жақыныңды қадір тұт, жұрт үлгі алсын, үңілсін» дегендей, ұлттық құндылықтарымызбен тәрбиелейік. Ең бастысы, кез келген бала кез келген жағдайда артында қорғаушысы барын түсінгені абзал.
Ата-ана баласын ұлттық құндылықтармен ауыздандырып, өздері үлгі болып ұлттық өнегені, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейтін болса, тіпті осындай туындыларды отбасымен бірге оқып, соны жас ұрпақтың санасына құйып отырса, қандай ғанибет! Қазір бос белбеу балалар баршылық. Ештеңеге икемі жоқ. Жапондардың бастауыш сынып балалары мектепте өз орнын, өзінің тамақ ішкен ыдысына дейін өзі жуып үйренеді. Еңбекке баулу керек. Еңбекке баулу пәнінің де қазір аты бар да, заты жоқ. Бұрынырақта мектептің төңірегіндегі талдардың көбін мектептің ұйымдастыруымен жоғары сыныптың балалары отырғызатын, суаратын. Өз кабинетін, мектепті өздері жуып-тазалап алатын. Сенбілікті жиі жасайтын. Осылай еңбексүйгіштікке тәрбиеленетін. Қыстыгүні қолына күрек алып, еңбек сабағында мектеп ауласындағы қарды күрейтін. Таза ауада дене еңбегімен айналысқан қандай тамаша! Қазір олай істеуге болмайды екен. Өбектеп тәрбиелейтін болдық. «Ойбай-ойбай, жығылып қалады, тоңып қалады. Күрек ұстаса, бір-бірін жарақаттап алады, ата-анасы шағым түсіреді, бәле болады». Мектептің ішінде жүріп, өзі сүрініп, жығылып қалса да, соны үлкен мәселе қыламыз. Халықтың «Балаңды бес жасқа дейін патшаға сана, он бес жасқа дейін құлыңдай қара, он бес жастан асқан соң досыңа бала» дейтіні қайда? Бала құқығын қорғаудың да бір жөні болу керек шығар. Қазір әлжуаз, еңбекке қыры жоқ, жеңіл жұмыс істеп, көп қаржы тапқысы келетін жаңа буын қалыптасып үлгерді. Не ектік, соны орып жатырмыз.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын». Әке-шешесі қолына кітап ұстамаған бала кітап оқи ма? Бала да «Кітап оқы дейді, қызық болса, ата-анам неге кітап оқымайды?» деп ойлайды. Қолы бос бала не істемейді? Зерігеді, телефонға телміріп отырады. Телефонда не жоқ қазір? Спортпен айналысу керек. Спортшы бапкерлер де алдындағы жеткіншектердің тәрбиесін үнемі назарда ұстауы керек және сондай мықты бапкерлер де бар. Әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүрік шәкірттеріне жаттығудың ара-арасында үнемі тәрбиелік дәрісін, тағылымдық өнегені қоса сіңіріп отырады екен. «Ақын болу міндетің емес, азамат болу міндетің» дегендей, онсыз болмайды. Әр түрлі мінез-құлықтағы бала болады. Әлімжеттік те осындайлардан шығады. Бұлар да біздің баламыз. Бұлардың тәрбиесінде кеткен кемшілікке заң алдында да, ар алдында да бәріміз жауаптымыз.
Абай айтпақшы, «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». Санасында адамдықтың асыл дәні ерте көктеген бала мектеп жасынан келешегін ойлайды. Терең білім алса, келешекте ешкімге салмақ салмайтынын түсініп, қолы қалт етсе, ата-анасына, бауырларына көмектесіп, бірін екі қылып, үйірмелерге, спорт секцияларына барып, бәріне үлгеріп жүреді. Кішіпейіл. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұрады. Мұндай өнегелі балаларды көргенде, қарап тұрып сүйінесің. Тілегін тілеп жүресің. Шүкір, қазір бұлардың да қатары қалың. Баланың балалығы болады. Сонысымен сүйкімді. «Баланың балалығын тыйдым дегенше, даналығын тыйдым де» деген нақыл осындайда ойға оралады. Ең бастысы, көргенді, өнегелі болса, атаның ақ жолынан адаспайды. Әдебімен сүйсіндірген көрікті қыздарымыз, рухы мықты бөрікті ұлдарымыз ұлтының мақтанына айналғай!